Пәтуәлар

20 жыл соқыр еткен зеректік...

«Өзіңе қалағанды бауырыңа да қаламайынша толық иман еткен болып саналмайсыңдар», бұл  сөздер ең кемел, ең ұлы және ең соңғы Пайғамбар – Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөздері. Хадисті жеткізіп, көптеген хадисшілер ол Исламның негізін құрушы маңызды нәрсені айтып жатыр, оны орындар болса қоғамда теңдік пен рақымдылық орнайды деп жазады.

Біздің күнімізде Алла Тағала білім алуды жеңіл етіп қойды, адам баласы үйінен шықпай-ақ, тіпті төсектен тұрмай-ақ білім алуына мүмкіндік бар. Бірақ, мұнымен қатар, жаттап, оқудың аздық ететінін ұмытып бара жатырмыз. Оқып- жаттаумен қоса алған білімді тәжірибеде қолдана білу де қажет.


Ғаламтор желісінде тарап жатқан дінді уағыздау, хадистердің аудармасы, ғалымдардың сөздерінің көптеп таралуы бір қарғанда адамдарды жақсы жаққа қарай өзгертуі керек еді, ал біз бүліктің де бірге ұлғайып жатқанын көріп отырмыз.

Кез келген адамның қолы жетімді аурулардың бірі – жария түрде адамның беделін түсіру. Адам жолда сүрініп, тіпті құлап үлгерместен бәз біреу суретке түсіреді де, суретін ғаламторға салып жібереді. Ары қарай ол сурет әлеуметтік желілірге тарайды, оны талқылайды, оны мазақ етеді және тағы басқа. Арнайы топтар мен парақшалар ашып, ол жерге аурушаң, жынды адамдардың суретін, видеосын салып қояды, бейнебақылауға түсіп қалған адамдардың қателіктерін, жасырын камерамен түсіріп алып та салып жатады.

Мұның тиым салынғандығы жайлы ұзақ әрі көп нәрселерді айтуға болады. Ең жаманы, мұсылмандар да осыған ат салысып жатқандығы. Бір мұсылманның парақшасынан Құран аятын, хадистер, ғалымдардың сөздерін табамыз, сонымен қатар өзгелерді мазақ еткен видео мен суреттер де бар. Бұл деген сөз олар ғана емес, біз де мұндай іске тиым салынғанын оқымағанымызды көрсетеді. Бұл біздің дінге жеңіл қарағанымызды көрсетеді, білімді шынайы түрде алмағанымызды көрсетеді.
 
Осы мақаланың бас жағында келтірген хадис жайлы айтар болсақ, бұрынғылардың өмірінен мысал келтіре кеткенді жөн көрдік, осы оқиғалар бір адамды болса да ойландырар деген үміттеміз.

Имам Қушайри (оған Алланың рақымы болсын) өзінің «Рисалатында» 2/304, былай деп жазады:
«Бірде әлдебір адам әйел алады. Бірақ оның бөлмесіне кірмес бұрын ол қыздың шешек (оспа) ауруымен ауыратынын біледі. Сол кезде әлгі адам: «Менің көзім ауырады» дейді. Кейін ол былай дейді: «Мен соқырмын». Осылайша ол әлгі әйелмен жиырма жыл отандасады, кейін ол әйел өмірден озады. Сол уақыт ішінде әлгі адам әйелін ренжітпеу үшін соқырдың кейпінде өмір сүреді. Кейін әлгі адам көзін ашқан деседі. Оның мәнін сұраған кезде ол былай деп жауап береді: «Мен соқыр емес едім, әйелімді ренжітпеу үшін соқырдың кейпіне ендім...

[Бұл Хатам әл-Асамның басынан өткен оқиғаға ұқсас, оған бір әйел сұрақпен келеді. Онымен сөйлесіп отырып әлгі әйел жел шығарып қояды, осы қылығы үшін қатты ұялады. Алайда ол бұл жағдайдан «Қатты сөйле, менің құлағым естімейд» деп шығып кетеді. Әлгі әйел естімей қалды деп қуанып кетеді, ал ол керең бола қалады. Сондықтан да оны әл-Асам, яғни керең, Хатам әл-Асам – керең Хатам деп атап кеткен.] – Закарийя әл-Әнсаридің пікірі «Рисаля әл-Кушайрий»-ға жазған пікірі.

Я, Алла, бізге де сондай зеректік нәсіп ет, бізге де таңдаулы құлдарыңа нәсәп еткеніңдей дінді терең түсінуімізді нәсіп ет! Білімді құрдымға кету үшін алушылардың қатарынан қыла көрме, әмин!