Пәтуәлар

Құран құндылығы жайлы 40 хадис. Бірінші хадис.



Осман ибн Аффан, оған Алла разы болсын, Алла елшісінен, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізеді:

«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп және оны үйреткендерің».

Ескертпе: Көптеген кітаптарда бұл риуаят осы аудармадағыдай «және» сөзімен келеді. Бұл жағдайда алдымен Құранды жаттап, кейін оны өзгеге үйреткеннің құндылығы жайлы баяндалады. Алайда кейбір кітаптарда бұл риуаят «немесе» деген сөзбен келтірілген.  Бұл жағдайда құндылық пен үстемділік Құранды үйренгенге де және оны басқаға үйреткенге де ортақ болады. Екеуі де бірдей дәрежеде бағаланады. Қасиетті Құран діннің негізі болғандықтан, оның болуы және таратылуы дін үшін аса маңызды. Сол себепті Құранды үйреніп және оны үйрету – ең жақсы іс екені түсіндіруді қажет етпейді. Алайда оның басқа да түрлері бар. Ең кемел түрі – мағынасы мен түсінігін қоса үйрену болса, ең төменгі деңгейі тек сөздерін жаттау болып табылады.

Саид ибн Сулейм, оған Алла разы болсын, мурсалян хадисте жеткізген Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, мына сөздері жоғарыда атап өткен хадисті қуаттай түседі: «Кімде-кім Құранды жаттағаннан кейін басқа адамға оған берілгеннен артық берілді деп есептесе, онда ол оған Құран арқылы берілген Аллахтың нығметін қорлаған болып саналады». Және хадистерде жиі кездесетіндей, Аллахтың сөзі басқалардан артық екені анық болғандықтан, оны үйрену және үйрету бәрінен маңызды болу керек.

Мулла Әли әл-Қари, оған Алланың рақымы болсын, мынадай хадисті келтіреді: «Құранды жаттаған адам маңдайына пайғамбарлық ілімді жазып алғанмен тең».
Сахл Тустари болса, оған Алланың рақымы болсын, бір сөзінде былай дейді: «Аллах Тағаланы жақсы көрудің сипаты – жүрегінде Алланың Кітабына деген махаббаттың болуы».

«Ихья Улюумуддин» кітабының шархында келтірілген Қиямет Күні Аршының көлеңкесінде болатын адамдардың тізіміне Құранды мұсылмандардың балаларына үйретушілер және Құранды балалық шағында жаттап, кейін ересек кезінде оның оқылуына көңіл бөлетіндер енген.