Пәтуәлар

Құран құндылығы жайлы 40 хадис. Бесінші хадис.


Бесінші хадис

Ибн Омар, оған Алла разы болсын, Алла елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегенін айтады:

«Екі нәрседе ғана басқа адамға қызығып қарауға болады: біріншісі – Алла Тағала Құран ілімін беріп, әрі онымен күні-түні ғибадат жасайтын адам, екіншісі – Алла Тағала мал-дүние беріп, оны күні-түні Алла жолында жұмсайтын адам».

Ескертпе: Жалпы Құран аяттары мен көптеген хадистерден алғанда, «хасад» (қызғана қарау/көреалмаушылық) – бұл жаман және оған мүлдем тыйым салынған. Мына хадис қызыға қарау екі адамға қатысты мүмкін екенін көрсетеді. Көреалмаушылық жайлы көптеген хадистер бар болғандықтан, ғалымдар бұл хадистің екі мағынасын бөліп шығарды. Біріншісі, бұл хадисте келтірілген қызғаныш – араб тілінде «ғибта» деп аталатын «қызыға қарау» мағынасына сай.

Хасад пен ғибта арасындағы айырмашылық: хасад – әлдебір адамнан бір игілікті көргенде, өзінде сол игіліктің бар-жоғына қарамастан, ол адамның сол игіліктен айырылып қалуын қалау. Ал ғибта – ол адамның сол бір жақсылықтан мақрұм болғанын қаламай, өзі де сол игілікті иелену ниетінде болу. Ғалымдардың бірауызды пікіріне (ижмағ) сай хасад харам болғандықтан, ғұламалар бұл жерде хасад сөзі ғибта мағынасында алынатынын айтады.


Екінші мағынасы – кейде сөздер жорамал ретінде қолданылуы мүмкін. Яғни, егер хасад (көреалмаушылық) рұқсат етілген болса, онда осы екі адамға қатысты мүмкін болар еді.