Пәтуәлар

Құран құндылығы жайлы 40 хадис. Тоғызыншы хадис.


Тоғызыншы хадис.

`Абдуллах ибн `Амр, оған Алла разы болсын, Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай айтқанын жеткізеді: 

«(Қиямет Күні) Құранды меңгерген адамға: «Оқы және көтеріл, осы дүниеде оқығаныңдай анық әрі әдемі оқы. Соңғы аятқа жеткеніңде – ол сенің дәрежең болады».

«Құранды меңгерген адам» деген – хафиз екені анық. Мулла Әли әл-Қари, оған Алланың рақымы болсын, кітаптан оқушы адам бұл тізімге кірмейтіні жайлы жан–жақты, жете түсіндіріп өткен. Себебі, біріншіден, «Құранды меңгенрген адам» сөзінің өзі бұны меңзеп тұр; екіншіден, Имам Ахмадтың «Муснад» кітабында мынадай риуаят бар: «Ол онымен бірге болған Құранды оқығанға дейін».

Бұл сөйлемде хафиз туралы айтылып жатқаны одан бетер анық, алайда Құранды өте жиі оқитын адам туралы да айтылуы мүмкін.

«Мирқат» кітабында оқығанда Құран оған лағнет айтатын адам туралы емес екені жазылған. Құран оны оқитындардың көбісіне лағнет айтатыны жайлы хадис меңзеледі. Сол себепті, егер адамның сенімі дұрыс болмаса, онда ол адамның Құран оқуы – оқығанының қабыл болуына дәлел болмайды. Осыған ұқсас «хауариждер» жайлы көптеген хадистер бар.

Шах `Абдул `Азиз, оған Алланың рақымы болсын, өзінің Құран тәпсірінде «тартил» сөзі тікелей мағынада «анық және түсінікті айтылу» дегенді білдірсе, шариғаттағы мағынасы – «белгілі бір ережелерді сақтап оқу» деп жазған. Ол ережелер төмендегідей:

1.    Дыбыстарды дұрыс айту, яғни олар өз дыбысталуларына (махрадж) сай шығулары керек, мысалы «طا» (та) әрпінің орнына «تا» (тә) әрпін, ал «ضا» (да) орнына «ظا» (за) айтпас үшін;

2.    Кідіріс болған жерде толық тоқтау, сөйлемдердің орынсыз қосылуы не ажырауы болмас үшін;

3.    Дауысты дыбыстарды (и`раб) жақсы ажырата білу;

4.    Дауысты сәл қаттырақ шығарып оқу, тілмен айтылатын Құран сөздері құлаққа жетіп, жүрекке әсер етуі үшін;

5.    Дауысты толғандыратындай қылу, сонда ол жүрекке жылдамырақ әсер етеді, себебі тебірентетін дауыс жүрекке тез әсер етіп, жанға күш беріп, көп ықпал тигізеді.
Дәрігерлер егер дәрінің жүрекке тез әсер етуі қажет болса, онда оны жағымды иіспен араластыру керек екенін айтады. Сонда жүрек оны жылдамырақ қабылдайды. Бауырға әсер ететін дәрілерді тәттімен араластырып қабылдау керек, себебі бауыр тәттіні тез сіңіреді. Ал егер Құран оқу барысында әтір қолданса, жүрекке жақсы әсерін тигізеді деген ойдамын.

6.    Ташдид (қосарлану) пен мәдті (созу) анық айту, себебі осы анық айтудан Құранның ұлылығы көрініс табады және қабылдауға да жақсы ықпал етеді.

7.    Алдында айтылғандай, мейірім мен азаптар жайлы баяндалған аяттарға әсерлену, сезіну.

Осы жеті ереженің сақталуы тартил деп аталады. Олардың барлығының мақсаты бір – Құранды түсіну және ол жайлы ойлану.

Бірде хазреті Умм Саләмадан, оған Алла разы болсын, біреу Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, Құранды қалай оқығаны жайлы сұрағанда, ол былай деп жауап береді: «Ол барлық дыбыстарды шығарып оқитын, яғни барлық дауысты дыбыстарды толық айтып, ал әр дауыссыз дыбысты анық әрі түсінікті қылып шығаратын». Тартилмен оқу – мұстахаб, тіпті мағынасын түсінбесең де.

Ибн `Аббас, оған Алла разы болсын, «Әл-Бәқара» мен «Әли `Имран» сүрелерін тартилсіз оқығаннан гөрі, «Әл-Қари `а» және «Изә Зульзиля» сүрелерін тартилмен оқығанды артық көретінін айтқан.

Тәпсіршілер мен ғалымдардың пікірінше, келтірілген хадистің мағынасы – адам әр аятты оқыған сайын Жәннәтта бір сатыға жоғары көтеріледі. Осы хадистен Жәннәт сатыларының саны Құран сүрелерінің санымен тең екенін түсінуге болады. Сол себепті, адамның дәрежесі жаттаған аяттарының санына сай жоғары болады, ал кімде–кім Құранды толық жаттаса, ол ең жоғарғы сатыда болады.

Мулла Әли әл-Қари, оған Алланың рақымы болсын, хадистерден Құран оқушының дәрежесінен биік дәреже жоқ екені белгілі болғанын жазады, себебі қурра (Құран оқушылар) аят сандарына сай көтеріледі. `Алляма Дани, оған Алла разы болсын, Құранда алты мыңнан астам аяттар бар екеніне мамандар бірауыздан келіскендері жайлы айтқан. Алты мыңнан аса келе аяттар санында келіспеушіліктер бар. Әр түрлі сандар келтіріледі: 204,14,19,25,36.

«Ихья Шархында» Жәннәтта әр аятқа бір саты сай екені жазылған. Құранды оқушы адамға оқығанына сай Жәннәттың сатысымен көтерілу бұйырылады. Кім Құранды толық оқып шықса, Жәннәттың ең жоғарғы сатысына жетеді. Ал кім қандай да бір бөлігін оқыса, соған сай көтеріледі. Қысқаша айтқанда, оқуын доғарғанда, саты бойынша көтерілуі де тоқтайды.

Менің пікірім бойынша, бұл хадис шамалы басқа мағынаға ие.

Егер бұл пікірім дұрыс болса, онда бұл Алланың көмегімен, ал егер қате болса, онда менен...

Оның мәнісі мынадай: хадисте келтірілген көтерілу – әр аятқа бір саты сай деген мағынада емес, себебі мұндай көтерілу тәсілінде «тартилмен» оқы немесе «тартилсіз» оқы еш маңызды емес.

Аталып өткендей, «тартилмен» не «тартилсіз» бір аятты оқылғанда, бір саты жоғары көтеріледі. Бірақ бұл хадистың мағынасы басқа екені анық. Мұнда саты бойынша көтерілу – оқудың сапасымен байланысты болады. Ал оқудың сапасы «тартилмен» оқуына тікелей байланысты. Сондықтан, адам бұл дүниеде Құранды қандай сападағы «тартилмен» оқыса, ақыретте де сондай «тартилмен» оқи алады. Және соған сай дәрежесі де жоғарылайды.

Мулла Әли әл-Қари, оған Алланың рақымы болсын, егер адам осы дүниеде Құранды жиі оқыса, онда ақыретте де есінде болады, әйтпесе (яғни сирек оқыса) ұмытып калады деген хадисты келтіреді. Алла Тағала мейіріміне алсын, себебі біздің арамызда дінге деген қызығушылықтарынан ата–аналар балаларының Құранды жаттауларына жағдай жасағанда, өздерінің немқұрайлығы мен алаңғасарлығы кесірінен осы дүниенің өзінде оны жоғалтқандар қаншама. Және керісінше, кейбір хадистерде кім Құран жаттап жүріп және жолында кезіккен қиыншылыққа төтеп берген күйде қайтыс болса, ол адам хафиздермен бірге тірілетіні жайлы айтылған. Алланың сыйлары таусылмас, алайда оларды алғысы келетіндер бар ма екен? 

Бір ақын айтқандай: «Уа, Шахидтер, Оның сыйлары барлығы үшін! Саған да бір үлесі тиер еді, егер лайық болғаныңда».