Пәтуәлар

Құран құндылығы жайлы 40 хадис. Жетінші хадис.


Жетінші хадис

Омар ибн әл-Хаттаб, оған Алла разы болсын, Алла елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізеді: 

«Алла Тағала осы Кітап арқылы көп адамдардың мәртебесін көтереді және басқаларын Ол (Құран) арқылы кемсітеді».

Алла Тағала осы Кітапқа иман келтіріп, оған сай амал ететін адамдардың мәртебесін көтеріп, оларға құрмет береді. Ал оған сай амал жасамайтын адамдарды Алла кемсітеді. Және бұл Құран аяттарымен дәлелденеді. Мына бір аятта былай делінген:

«Алла осы мысалы арқылы талайларды адастырады, талайларды дұрыс жолға салады.  Ал адастырғанда тек бұзықтарды (пасықтарды) ғана адастырады» [Бақара 2/26 аят]

Басқа аятта:

«Мүминдерге рақымы мен шипасы бар Құранды түсіреміз, ал залымдардың шеккен зияны арта түседі» деп айтылған [Исра 17/82 аят]

Алла елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын,  осы Үмметтен болған көптеген екіжүзділер қарилар (Құран оқушылар) болатынын айтқан. «Ихья» кітабында кейбір шейхтерден: 

«Бір адам Құраннан қандай да бір сүрені оқи бастаса, періштелер ол үшін рақым сұрап, оқығанын аяқтағанға дейін дұға етеді. Ал басқа бір адам сүрені оқи бастағанда, оқуды тоқтатқанша періштелер оған лағнет айтады», – деген сөздер келтірілген.

Кейбір ғұламалар мынадай пікір айтқан – кейде адам Құран оқып отырып, өзіне лағнет шақырып отырғанын да білмеуі мүмкін. Мысалы, ол Құранда мына аятты оқиды:

«Алланың лағнеті залымдарға болсын» [Худ 11/18 аят] Және өзі залым болғандықтан, ол осы қауіпке түсіп тұрады. Сол сияқты мына аятты оқып отырып: « ... және Алланың лағнеті өтірікшілерге болсын» [Әли-Имран 3/61 аят] Өзі өтірікші болғандықтан, өзі де осыған лайықты болады.


Әмир ибн Уәсила, хазреті Омар, оларға Алла разы болсын, Меккенің әміршісі етіп Нафи` ибн `Әбдуль Харисаны тағайындағанын жеткізеді. Бірде Хазреті Омар одан орман шаруашылығын басқарушы етіп кімді тағайындағанын сұрайды. Нафи`: «Ибни Абзаны», – деп жауап береді. Хазреті Омар: «Ибни Абза деген кім?», – деп сұрағанда, ол: «Біздің құлдардың бірі», – деп жауап қайтарады. Хазреті Омар: «Не себепті сендер әмірші етіп құлды тағайындадыңдар?», –  деп жазғыра сұрағанда, Нафи` : «Себебі ол – Құран оқушылардың бірі», – деп жауап береді. Хазіреті Омар «Алла Тағала осы Кітап арқылы көп адамдардың мәртебесін көтереді, ал басқаларын кемсітеді» деп айтқан Алла елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, хадисін келтіреді.