Пәтуәлар

Құран құндылығы жайлы 40 хадис. Төртінші хадис.



Төртінші хадис

Мүміндердің анасы Айша, оған Алла разы болсын, жеткізгендей, Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқан: 

«Құранды білуші адам Алланың түсірілген кітаптарын көшіріп жазушы мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал кімде-кім Құранды қиналып, бірақ ынтамен оқитын болса, екі есе сауап алады».

Ескертпе: «Құранды білуші» деп – Құранды жақсы білетін және оны жақсы оқи алатын адамды айтады. Ал егер, онымен қоса ол Құранның мағынасы мен түсінігін білсе, онда тағы не айтуға болады?

«Періштелермен бірге болу» дегеннен түсінетініміз – періштелер де Құранды Лаухи-ль-Махфуздан (барлық жаратылыстың тағдыры жазылған кітап) жеткізушілер болып табылады және ол адам да – Құранды басқаларға таратушы әрі жеткізуші, демек ол адам да, періштелер де бір іспен айналысып жатыр деп айтуға болады. Немесе бұл Қиямет Күні қайта тірілгенде осы періштелермен бірге болады деген мағына білдіреді.

Қиналып, кідіріп оқитын адамға екі есе сауап: біріншісі – оқығаны үшін, екіншісі – тұрақты кідірістер кесірінен басынан өткізетін қиындықтары үшін. Бірақ бұл Құранды білушіні асып озады дегенді білдірмейді. Құранды білушінің алатын марапаты  аса жоғары, себебі (Қияметте) оның жиыны ерекше періштелермен бірге болады. Алайда, мәні сол – қиындықтар мен кідірістерді бастан кешкені үшін бөлек сауап беріледі. Сондықтан, осы марапат себепті Құран оқуды ешкім тастамау керек.

Мулла Әли әл-Қари, оған Алланың рақымы болсын, Табарани мен Байхақиден мына риуаятты келтіреді: 


«Кімде-кім Құранды оқып, жаттап жүріп, оны есінде сақтай алмаса, онда ол екі еселенген сауап алады. Дәл солай, кімде-кім жаттауға құлшынып, бірақ оған мүмкіндігі болмаса да, талпыныстарын тоқтатпайтын болса, онда Алла Тағала Қиямет Күні  ол адамды хафиздермен бірге тірілтеді».