Пәтуәлар

Құран құндылығы жайлы 40 хадис. Сегізінші хадис.



Сегізінші хадис

АбдурРахмахман ибн Ауф, Алла оған разы болсын, Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегенін жеткізеді: 

«Қиямет Күні Алланың `Аршысының астында болатын үш нәрсе. Біріншісі – адамдармен таласатын Құран. «Анық» және «жасырын» Құран. Екіншісі – аманат. Үшіншісі – туыстық қарым–қатынастар, кім оларды орнатса, оны Алла Өзінің мейіріміне алсын, ал кім оларды үзсе, Алла Өз мейірімінен айырсын деп айтады».

Бұл нәрселер Алланың `Аршысының астында болатыны – олардың Алланың алдында мәртебелі дәрежеде болатынын білдіреді. Құранның таласы дегеніміз – оны ұмытпай, оған сай амал етіп, оның хаққысын бергендерді ол қорғап, оларға жақтасып, дәрежелерін көтереді.

Мулла Әли әл-Қари, оған Алланың рақымы болсын, Тирмизиден мынадай риуаят келтіреді: Құран, Алла Тағаладан адамға киім беруді сұрағанда, Алла Тағала Мәртебе Тәжін береді. Содан кейін Құран одан да артығын сұрайды. Сонда Алла Тағала Мәртебенің (құрмет белгісінің) толық киімін береді. Содан кейін Құран, Алла ол адамнан разы болуын сұрағанда, Алла Тағала Өз разылығын білдіреді. Бұл дүниеде ешқандай ең үлкен жақсылық сүйіктіннің разылығымен салыстыруға келмегенде, онда ақыретте Сүйіктіннің разылығымен қандай жақсылық теңесе алады.

Ал оның хаққыларын бұзғандардан Құран: «Маған деген қарым–қатынастарын қандай болды, менің хаққымды бердіңдер ме?», – деп түсініктеме беруді талап етеді. «Ихьяның Шархында» Имам Әбу Ханифаның, оған Алланың рақымы болсын, «Құранды жылына екі рет оқып шығу (хатм ету) – Құранның хаққысы» деген сөздері келтірілген. Сондай қатал айыпкерге Құранды тіпті кездейсоқ оқымайтын адамдар қандай жауап беретіндері жайлы ойланулары керек. Өлім бәрібір келеді және одан құтыла алмайсың.

«Анық» және «жасырын» Құран дегенде әрбір адам түсіне алатын анық мағыналар және әрбірі түсіне бермейтін жасырын мағыналы түсініктердің болуы жайлы айтылған болар. Бұған қатысты Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, мына сөздері бар: «Кімде–кім Құранға қатысты өз ойын айтатын болса, тіпті ол ойы дұрыс болса да, қателік жасады».

Кейбір шейхтер «захир» (сыртқы/анық) деп Құранның сөздеріне қатысты айтады. Құранның сөздерін оқығанда барлығы тең. Ал «батын» деп (ішкі/жасырын) қабылдау дәрежесі әр адамда әртүрлі болатын оның мағынасы мен түсінігін айтады.
Ибн Масғуд, Алла оған разы болсын, былай деген: «Егер ілімді қаласаңдар, Құранның түсінігі жайлы ойланыңдар, онда өткен мен болашақ жайлы ілім бар». Алайда Құранның түсіндірмесіне қатысты шарттар мен ережелерді ұстану қажет. Қазіргі біздің уақытта қалыптасқандай емес, яғни шамалы арабша үйреніп немесе мүлдем бір сөзді де білмей, жеке пікірін айта бастайды.

Мамандар Құранды тәпсірлеу үшін 15 ілімді үйрену керектігі жайлы айтады. Уақыттың тапшылығынан, мен оларды қысқаша атап өтемін. Содан кейін Құранның терең мағынасын ұғу әрбір адамның колынан келе бермейтін іс екенін түсінуге болады.

1) Люғәт, яғни тіл. Ол арқылы Құранның жеке сөздерінің мағынасын біледі. Муджахид, оған Алланың рақымы болсын, былай деді: «Кім Аллаға және Қиямет Күніне иман келтірсе, оған араб тілін білмей Құранға қатысты аузын ашуға да рұқсат етілмейді. Және сөздің бірнеше мағынасын білу жеткіліксіз, себебі көбінесе бір сөздің көп мағыналары болады, ол солардың бір–екеуін ғана біледі, ал сол жерде ол сөз басқа мағынада келуі мүмкін».

2) Нахв — Араб тілінің синтаксисін, грамматикасын білу керек, себебі дауысты дыбыстардың өзгеруі (и`раб) себебінен сөздің мағынасы өзгереді.

3) Сарф (Морфологияны) білу керек, себебі түбір мен жіктеудегі айырмашылық себепті толғыменмағына өзгереді.

Ибни Фарс, оған Алланың рақымы болсын, былай деген: «Кім сарф ілімін жоғалтса, ол көп нәрседен айырылды». `Алләма Замахшари «У`джубат» тәпсірінде бір адамның төмендегі мына аятты: «Барлық адамдарды өз имамдарымен бірге шақыратын Күні», [«Әл-Исра 17/71 аят] – сарфты білмегені себебінен: «Барлық адамдарды өз аналарымен бірге шақыратын Күні», – деп аударғаны жайлы баяндайды. Жекеше мағынада тұрған «имам» сөзін, көпше мағынасында тұрған «умм» (ана) сөзі деп ойлайды. Ал егер ол сарфты білгенде, «умм» сөзінің көпше түрі «имам» болмайтынын білер еді.

4) Иштиқақ. Егер сөз екі түрлі түбірден шықса, онда оның әртүрлі мағыналары болады. Мысалы, «масих» сөзі сулы қолмен ұстау немесе сүрту деген «масах» сөзінен шыққан және де өлшеу бірлігі мағынасын беретін «масахат» сөзінен шыққан .

5) `Ильм–уль–ма`ани. Сөз тіркесінің құрылысы оның мағынасының негізінде түсіндіріледі.

6) `Ильм–уль–бәян. Сөз тіркесінің, метафора және ауыспалы мағынадағы сөздердің анық және жасырын мағынасы анықталатын ілім.

7) `Ильм–уль–бәди`. Тілдік көркем баяндауға қатысты.
Соңғы үш ілім «`Ильм–уль–бәләғат» деген ортақ атауға ие әрі тәпсіршілер үшін аса маңызды ілімдерден болып табылады. Себебі Құран – теңдессіз бір зат және ол осы ілімдер арқасында білінеді.

8) `Ильм–уль–қирә`ат. Оқу шеберлігіне қатысты ілім. Кейде оқудың әр түрлі тәсілдерінде басқа мағына болуы мүмкін. Кейде бір мағыналар басқа мағыналардан артығырақ болады.

9) `Ильм–уль–`ақа`ид. Сенім негіздері туралы ілім. Құранда тікелей мағынасы Алла Тағалаға қатысты айтылмайтын аяттар кездеседі. Кейде теңеу сөздерді түсіндіруге тура келеді. Мысалы: «Алланың қолы олардың қолдарының үстінде» [Фатх 48/10 аят]

10) Усуль–уль–фиқһ. Ислам құқығының негіздері. Үкімдерді растауға қатысты дәлелдерді келтіру мен оларды негіздеу үшін қажет.

11) Әсбәб–ун–нузуль, яғни аяттардың қандай жағдайларда түскендігі жайлы ілім. Ол арқылы аяттардың мағынасы жақсырақ түсіндіріледі. Ал кейде аяттың негізігі мағынасын егер тек оның қандай жағдайда түскендігі жайлы білгенде ғана түсінуге болады.

12) Нәсих уә мәнсух. Күшін жойған немесе өзгертілген үкімдер жайлы ілім. Күшін жойған ілімді қолданыстағы үкімнен айыра білу үшін.

13) `Ильм–уль–фиқһ. Шариғат үкімдері жайлы ілім. Егжей– тегжейіне дейін білу – барлығын толық түсінуге мүмкіндік береді.

14) Құрандағы белгілі бір аяттарды тәпсірлеуге мүмкіндік беретін хадистерді білу керек.

15) Осының барлығынан кейін `Ильм–уахби бар. Хадисте келгендей, Алла оны ерекеше адамдарға нәсіп етеді.

«Кім іліміне сай амал етсе, соған Алла Тағала ол білмеген ілімді береді».

`Әлиден, Алла оған разы болсын, адамдар Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, қарапайым көпшілікке емес, тек оған қатысты ерекше ілім немесе ерекше өсиет айтты ма деп сұрағанда, ол осы ілімге меңзеп, былай жауап берді: «Жәннат және рухты Жаратқанмен ант етейін, Алла Тағала біреуге Кітабын түсіну үшін берген ілімнен басқа ештеңе білмеймін».

Ибни Әби Дуняның айтуынша, Құранның ілімі және оған қатысты болғандар шексіз мұхит секілді.

Жоғарыда аталған ілім түрлері тәпсіршінің құралдары іспетті. Ал кімде–кім бұл ілімдерді білмей тәпсірлейтін болса, онда оған жеке пікірлері араласатын болады. Сахабалар, Алла оларға разы болсын, өздерінің ана тілі болған араб тілін білетін, ал қалған ілімдерді пайғамбарлық шамшырақ арқылы алатын.

`Алляма әс-Суюти, оған Алланың рақымы болсын, былай деген: «Мүмкін сен `Ильм–уахби алу мүмкін болмайтын іс деп ойлайтын шығарсың. Шын мәнінде олай емес. Оған иелік етудің тәсілі – осы ілімге жеткізетін Алла Тағаланың құралдарын қабылдау. Мысалы: ілімге сай амал ету, дүниені тәрк ету және т.с.с.».

«Кимия–и–Са`адат» кітабында Құранның мағынасын түсіне алмайтын үш адам жайлы жазылған. Біріншісі – араб тілін білмейтін, екіншісі – үнемі қандай да бір үлкен күнә немесе бид`а (діндегі жаңалық) жасаушы, себебі күнә немесе бид`а салдарынан жүрек қарайып, Құранды түсіну мүмкіндігінен айырылады; үшіншісі – дін сұрақтарында өзі түсіне алатынды ғана қабылдап, ал оның ойына қайшы келген Құран сөздеріне ашуланатын адам. Ол Құран ілімінен ештеңе ала алмайды.


Алла Тағала бізді ондайдан сақтасын!