Пәтуәлар

Имам Әбу Ханифаның жәһмилермен болған диалогы.


Жәһм ибн Сауфан, жәһмилердің басшысы – дінге жаңалық енгізген адасушы – ол Ислам топырағына бүлік дәнін сепкен адам, ол бірде Әбу Ханифаға келеді де былай дейді:
 — Мен өзім саған арнайы даярлап келген нәрселерім жайлы сөйлеспекшімін.

 Әбу Ханифа былай деп жауап берді:
 — Сенімен сөйлесу – масқара болу. Ал сенің сенетін нәрсеңді талқылау – алаулаған жалын. 

Жәһм былай деді:
— Менімен бұрын- соңды кездесіп көрмей, менің сөзімді тыңдамастан қалайша мен жайлы олай деп шешім шығарасың?

Әбу Ханифа былай дейді:
 — Маған сенің айтқандарың келіп жетті – Құбылаға бетбұрушылар ондай сөздерді айтпайды. 

Жәһм сонда былай деп сұрайды:
 — Сен жасырын нәрсенің негізінде үкім шығарасың ба?

Әбу Ханифа былай деді:
 — Сен адамдар арасында өзіңнің осы сенімің арқылы танымалсың. Сені тіпті қарапайым адамдар да, беделділер де біледі. Мен де сен жайлы көпшілік адамдардан естіп, шешім қабылдауға құқылымын.

 Жәһм былай деді:
 — Расында, мен сенен иманнан өзге ешнәрсе сұрайын дегенім жоқ.

Әбу Ханифа айтты:
 — Сен не, әлі күнге дейін иман жайлы менен сұрайтындай, оның не екенін білмейсің бе?! 

Жәһм айтты:
— Әрине, білемін… бірақ оның әртүрлігіне байланысты менде күмән бар.

Әбу Ханифа былай деді:
 — Иманға күмән – кәпірлік.

 Жәһм былай деді:
— Мені кәпір деп қорлауға менен адамды діннен шығаратын сөзді естімейінше қақың жоқ!

Әбу Ханифа:
 — Қалағаныңды сұра.

 Жәһм:
— Алланы жүрегімен білетін және Ол – Жалғыз әрі Оның серігі жоқ екенін, Оны сипатымен білетін және Оған ешнәрсе ұқсамайтынын білетін адам осы сенімін тілімен жарияламастан өліп кетер болса, ол адам кәпір ме, әлде мұсылман ба? Соны айтшы?

Әбу Ханифа былай деді:
— Егер ол адам тілімен жүрегі білген нәрсені айтпаған болса, егер оның иманын тілімен айтуына еш кедергі болмаған болса ол адам имансыз болып өлді және де Тозақ тұрғынының бірі болды.

 — Алланы шынайы білімімен білген адам қалайша имансыз болып кетеді?!,- деп айқайлады Жәһм.

Әбу Ханифа сонда:
 —Егер сен Құранға сенсең және оны дәлел ретінде қабылдасаң, саған Құраннан дәлел келтіріп беремін. Ал егер Құранға сенбейтін болсаң және де оны дәлел ретінде қабылдамасаң, онда мен саған Исламға қарсы келушілерге айтатын сөзімізді айтамын.

 - Жоқ, мен Құранға сенемін және оны дәлел ретінде қабылдаймын,- деді Жәһм.

Әбу Ханифа былай деді:
 —Расында, Алла тағала екі мүшемен иман етуді шарт етті – жүрек және тіл. Алайда екеуінің біреуі деген жоқ. Алланың кітабында және Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде бұған көптеген дәлелдер бар. Алла тағала былай деген: «Олар Пайғамбарға түсірілгенді (Құран) тыңдаған заманда, шындықты танығандықтарынан көздерінің жасқа толғанын көресің. Олар: “Раббымыз! Иман келтірдік, бізді куә болушылардан жаза көр!”,- дейді. “Аллаға әрі өзімізге келген шындыққа неге иман келтірмейміз? Өйткені, Раббымыздың игі елдермен бірге етуінен үміт етеміз.” Сонда Алла оларға бұл сөздері себепті астарынан өзендер ағатын, онда мүлде қалатын бақшаларды бағыштады. Жақсылықтың бодауы осы» (Мәида сүресі, 83- 85 аят)

Яғни олар шындықты жүрекпен білген әрі оны тілдерімен айтқан. Және де Алла тағала оларды айтқандары үшін өзендер ағып жататын Жәннатқа кіргізген. Және де былай деген: «Және оларға: «Біз Аллаға, бізге түсірілген Құранға әрі Ыбырайым, Ысмайыл, Ысхақ, Яғқұптарға, ұрпақтарына тағы Мұса, Ғиса ға берілген нәрселерге сондай-ақ, Раббылары тарапынан өзге пайғамбарларға берілген нәрселерге иман келтіріп әрі олардың араларын айырмаймыз. (Бәріне де сенеміз) және біздер Ол Аллаға ғана бой ұсынушымыз» деңдер». (Бақара сүресі, 136 аят)

Ол оларға айтуды әмір етті және де білумен шектеліп қалған жоқ. Және Пайғамбар былай деген: «Алладан басқа Тәңір жоқ» деп айтыңдар, табысқа кенелесіңдер». Ол табысқа кенелу үшін білу жеткілікті деген жоқ, оған сөзді қосты. Тағы да Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі ен сәлемі болсын) былай деген: «Оттан: «Алладан басқа тәңір жоқ» деп айтқан адам шығады». Егер сөз талап етілмей, білу жеткілікті болғанда, Ібіліс иманды деп саналатын еді, өйткені ол Раббысын білетін әрі өзін Ол жаратқанын да білетін және де Ол өлтіретінін де білетін, Қайта тірілтетінін де білетін және адастырған да Сол екенін білетін. Алла тағала Ібілістің сөзін былай деп айтады: «Мен одан артықпын. Мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың» деді» (Ағраф сүресі, 12 аят)
Және де: «(Ібіліс): “Ендеше Раббым! Маған қайта тірілетін күнге дейін кеңшілік бер” деді» (Хижр сүрес, 36 аят).

Және де Алла тағала былай деді: «(Ібіліс): «Ендеше, мені қаңғыртқаның себепті әлбетте мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңда отырып аламын» деді» (Ағраф сүресі, 16 аят).
Егер сенің сенімің дұрыс болғанда, көптеген имансыздар өздерінің Раббысын білгендіктері үшін иманды болып кететін еді, дей тұрғанмен олар Оны тілдерімен жоққа шығарады. Алла тағала былай деді: «Олар мұғжизаларға көңілдері сенген бола тұра зұлымдық, менмендікпен қарсы шықты. Бұзақылардың соңының қалай болғанын көр! » (Нәміл сүресі, 14 аят).

Осылайша, олардың сенімдері оларды иманды еткен жоқ: Жаратушы оларды тілдерімен теріске шығарғандары үшін имансыздар деп атады. Осылайша Әбу Ханифа Құраннан, хадистерден Жәһм айтарға сөз таба алмағанша дәлелдер келтіреді. Сөйтіп ол жеңіліс табады. Жәһм ақырын орынынан тұрып, Әбу Ханифаға былай дейді: Сен маған мен ұмытқан нәрсені есіме салдың. Мен қазыр келемін,- деді де шығып кетті. Осылайша ол Әбу Ханифадан кетуге асығып, қайтып оралмады.

 [Қр. Әл-Баша Абд- әр- Рахман Рафат]