Пәтуәлар

Пайдасыз әңгімелер.


Алланың қалауымен, пайдасыз әңгімелердің зияны жайлы ғалымдардың сөздерін келтіреміз. Осы мақала әрқайсымызға ескерту әрі бос сөзден бас тартуымызға түрткі болсын.

Әбу Хурайра (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисті жеткізеді: «Исламның әдемілігі адамның бос нәрселерден қажетсіз істерден (мейлі сөзден, істен) бас тартуы болып табылады». [Сунану әт-Тирмизи №2317]


Ибн Ажиб (оған Алланың рақымы болсын) өзінің «әл- Ийказу ул Химам» (267-б.) атты еңбегінде керемет табиғин Хасан әл- Басридың (оған Алланың рақымы болсын) мына сөзін келтіреді: «Уақытын динары мен дирхемінен де артық бағалайтын адамдарды кездестірдім. Сендер динар мен дирхемнің пайда табу үшін жұмсауды жақсы көретіндей, олар да уақыттарын да пайдалы амал жасауға ғана жұмсағанды ұнатады».

Бес аялдама
Имам әл-Макки (оған Алланың рақымы болсын) былай деп жазады, Қиямет күні бос сөздері үшін бес жерде құл тоқтатылады, сол себепті есеп, қорқыныштың уақыты созылады:

1.    Оған былай делінеді: «сен неге ол сөзді айттың, оның саған пайдасы болды ма?»
2.    Сол сөзді айтқаннан соң оның пайдасы тиді ме?
3.    Егер соны айтпай- ақ қойғаныңда саған зиян жетер ме еді?
4.    Егер үнсіз қалғаныңда жақсылыққа қол жеткізбеуші ме едің?
5.    Егер оның орнына «Субханаллах», «Әлхамдулилләх», «Лә иләһә иллә Ллаһу уаЛлаһу Әкбар…», деп айтқаныңда сауапқа кенелер едің».
[Қр. Имам әл-Макки «Куту-уль Кулюб» 96-б.]

Ең басты белгі

Әбу Убайда Хасан ибн Әлиден (оларға Алла разы болсы) мына сөздерді жеткізеді: «Алланың құлынан бас тартуының белгісі — Ол оны бос нәрселерге бағыттайды». [Қр. «әт-Тамхид» 9/200]

Маъруф әл-Кархи (оған Алланың рақымы болсын) былай деген: «Пенде бос сөз сөйлей бастаған кезде, Алла Тағала оған Өзінің жәрдемін де тоқтатады». [Қр. «Хульяту әл-Әулия» 8/361]

Мәлік ибн Динар (оған Алланың рақымы болсын) былай деген: «Жүрегіңнің қатайғанын байқасаң, денеңде әлсіздікті байқасаң, ризығыңның азайғанын байқар болсаң, онда білгін, сен бос сөз көп сөйлегенсің». [Қр. «Файзу әл-Қадир» 1/287]

Әнас ибн Мәлік (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Ухуд шайқасында арамыздағы бір жас жігіт шейіт болды, оның қарнынан байланған тас табылды. Анасы оның жүзіндегі шаңды сүртті де былай деді: «Жәннат – тыныштық мекенің болсын», сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Оны қайдан білесің? Бәлкім ол бос сөз сөйлеп, пайдалы нәрседе сараңдық қылған шығар». [Қр. Ибн Әбу Дунья риуаят етті «Әс-сумт» кітабында, 109-б.]

Жыл бойы ораза тұту

Бірде Хасан ибн Әби Синан (оған Алланың рақымы болсын) бір үйдің жанынан өтіп бара жатып, былай деп күбірледі: «Бұны қашан салды екен», деді де, өзінің нәпсісіне қарап: «Ей, нәпсім, саған қатысы жоқ нәрсеге қызығасың ба, мен саған жыл бойы ораза тұтып жаза беремін». Осылайша ол жыл бойы ораза тұтқан деседі. [Қр. «Хульяту әл-Әвлия» 3/115]

Омар бин Хаттаб (оған Алла разы болсын) бір адамға былай деп насихат айтқан: «Пайдасыз нәрселер жайлы сөйлеме, жауыңнан алшақ жүр, адал досыңды қорға, Алладан қорқатын адамнан өзге дос адал болмайды. Күнәһармен бірге жүрме, әйтпесе ол саған қандай да бір күнә жасауды үйретеді, оған сырыңды ашпа және де өзіңнің ісің жайлы Алладан қорықпайтын ешбір адаммен кеңеспе». [Қр. Ибн Әбу Дунья риуаят етті «Әс-сумт» кітабында, 109-б.]

Лұқман Хакімнен (оған Алланың рақымы болсын) былай деп сұрапты: «Сен осы дәрежеге қалай жеттің?» Ол былай деп жауап береді: «Мен шындықты сөйледім, аманатты сақтадым және де пайдасыз істі тастадым». [Қр. «әл-Мувата» 2/990]

Юсуф ибн Убайд (оған Алланың рақымы болсын) былай деген: «Бір пайдасыз сөзді тастау, бір күн орза тұтқаннан да абзал». [Қр. «Футухат-уль Уахбияту» 148-б.]

Үш нәрсе ақылды ұлғайтады

Имам әш-Шафиғи (оған Алланың рақымы болсын) былай деген: «Ақылды үш нәрсе ұлғайтады: ғалымдармен бірге жүру, шыншылдармен бірге жүру және бос сөзді қою». Және де ол былай деген: «Кімде кім Алла Тағала оның жүрегіне нұр бергенін қаласа, бос сөзді қойсын». [Қр. Имам ибн Джаузия «Замму әл-Хауа» 35-б.]

Имам әл-Ғазали (оған Алланың рақымы болсын) былай деген: «Адам баласы өлімі жанында тұрғанын және де әрбір айтқан сөзіне жауап беретінін, тынысы оның бар байлығы екенін, тілі – Жәннаттағы қор қыздарын аулаушы құрал екендігін әрдайым жадында сақтаса, бос сөзді тастайды. Ал бұл бұзылған жағдайда, мән берілмеген жағдайда құрдымға кетері сөзсіз». [Қр. «Ихья’ улюму-д-дин» 5/410]

Бірде Үндістанның, Қытайдың, Рим және Парсы патшалары кездеседі. Сонда бір патша былай депті: «Айтылмай қалған сөзім үшін ешқашан мұңайған емеспін». Екіншісі былай дейді: «Айтқан сөздерім маған басшылық жасап тұр». Үшінші болса: «Сөзі қайтып келушіге таңым бар, ол оған зиян береді, зиян бермесе, пайда да бере алмайды». Төртінші былай депті: Айтпаған сөзді жоққа шығару, айтылған сөзді терістеуден оңай».
Тиым салынға сөздерді былай қойып, пайдасыз, алайда күнәлі емес сөздер жайлы айтқан ғалымдардың сөзі осындай. Бұның бәрмізге қатысты екенін түсінеміз, Алла Тағала тәубе етуімізге жәрдем берсін, Алладан бос сөзді тастауға тауфиқ сұраймыз. Алла Тағала пайдасыз сөзден арылтып, тек жақсы сөз сөйлеушілерден етсін! Әмин!

Деркнама: Taalib.ru