Пәтуәлар

Намазда Құранды мусхафтан оқу жайында



Ханафи мазхабының пікірі 

Қасиетті Рамазан кезінде көптеген мешіттерде кейбір намазхандардың намаз үстінде қолдарында Құранды ұстап тұратынын көруге болады. Олар имамның оқуына ілесу үшін осылай істейді. Керемет және баурап әкететін Мекке мен Мединедегі тарауих-намаздардың онлай-трансляциялары арқасында, дамыған мемлекеттердегі көптеген мұсылмандар жамағат намазында осындай тәжірибенің барын білді. Нәтижесінде, бұл іс белең алды. Әдетте ол былай жүзеге асады: намаз үстінде адам бір қолымен Құранды ұстап тұрады, ал екіншісімен беттерді ауыстырады, сәждеге барған кезде Құранды жерге қояды. Бұл амалдарда бірнеше теріс әрекеттер бар, арасында кейбіреуі тіпті анық. Бұл мақаланың мақсаты – ханафи мазхабы бойынша намаз үстінде Құранды ұстаудың рұқсат етілгендігі немесе тыйым салынғандығына анализ жасау болып табылады. 

Намаз уақытында мусхафтан (Құран кітабынан) оқуға болатындығына дәлел ретінде имам Бұхариден (һ.б. 256 ж./б.з. 870 ж. қайтыс болды) келген хадисті келтіреді, ол оны «сахих» жинағындағы «құл мен азат етілгеннің имамдығы» атты тараудың «азан» атты бөлігінде тағлик түрде 692-хадистің алдында келтірген: «Айшаның құлы Закуан намазда оның имамы болып, мусхафтан оқыған болатын». 

Көптеген ғалымдармен, соның ішінде имам Сарахси (һ.б. 490 ж./б.з. 1097 ж.), имам Бадруддин `Айни (һ.б. 855 ж./б.з. 1451 ж.), имам Ануар Шах Кашмири (һ.б. 1352 ж./б.з. 1933 ж.), шейх Зафар Ахмад Усмани Тануи (һ.б. 1394 ж./б.з. 1974 ж.) және басқалары бұл хабарды түсіндірген кезде де, мусхафтан оқуға тыйым салыну сақталып қала берді. Имам Бұхаридің бұл хабары мынандай мағынада болуы мүмкін: 

– Әдетте Закуан аяттарды мусхафтан күндіз есте сақтайтын болған, ал түнде жатталған аяттарды Айша анамызбен, оған Алла разы болсын, оқыған намазда имам болған кезде оқитын. 

– Закуан түнгі намаз кезінде Айша анамыздың имамы болғанда, ол Құранның тек бір бөлігін оқыған. Яғни ол толық хатм жасамаған, себебі, оған аса бір қажеттілік болмаған. 

– Закуанның Рамазан кезіндегі намазда оған көмектесе алатын өзге Құран хафизі болмаған. Сол себепті ол мусхафты көмек ретінде қолданған болатын. Әрбір төрт ракағаттан кейінгі үзіліс кезінде ол соның көмегіне жүгінген. Бұндай амалдар әдетте адамдар арасында «мусхафпен имамдық» деп аталады. 

– Закуан мусхафқа намазды бастамас бұрын қарайтын. 

– Закуан әрбір екі ракағатан кейін мусхафқа қарап, келесі екі ракағатта оқу керек болған аяттарды қайталап отырған. 

Бұл хабарды жеткізуші Закуанның мусхафты намаз үстінде оқып жатыр деп ойлаған, бірақ олай емес еді. 

Имам Ануар Шах Кашмири «Файд-уль-Бари» кітабында былай жазған (ешбір алып тасталуынсыз): 

«Біздің (ханафилердің) пікірі бойынша, намаз үстінде мусхафтан оқу, намазды бұзады». Ол басқа ғалымдар секілді төмендегіні атап өтуде: «Намаз үстінде мусхафтан оқу – бұл кітап иелеренің (яхудилер мен христиандардың) амалдары, себебі, олар өздерінің кітаптарын жатқа оқи алмайды». 

Мусхафтан оқу жайында Имам Ануар Шах Кашмири былай жазады: 

«Бұл іс мұсылмандарда ұрпақтан ұрпаққа жеткен амалдарға сай келмейді». 

Хадистанушы Закария Кандахлауи (һ.б. 1402 ж./б.з. 1982 ж.) «Лами-уд-дарари» атты кітабында барлық мазхаб пен барлық имамдардың бұл туралы ой-пікірлерін келтіре отыра, бұның дұрыс еместігіне жүгінеді. Ол Шах Уалиулла (һ.б. 1176 ж./б.з. 1762 ж.) «Әл-абуаб уат-тараджим» атты кітабында Закуанның мусхафтан оқуына байланысты бұл істі рұқсат етпейтін түсіндірмені қабылдаған. Имам Кандехлеви жазады: 

«Имам Әбу Ханифаның пікіріне сәйкес Құранды мусхафтан оқу намазды бұзады. Ал шафиғилерге сәйкес бұнда тұрған ешнәрсе жоқ». Шейх Зафар Ахмад Усмани Тануи «Иғлә-ус-сунан» атты кітабында «Құранды мусхафтан оқығаны себепті намаздың дұрыс болмауы (бұзылуы)» атты бөлім бар. Шейх сол бөлімде хадистер мен фиқһтан дәлелдерді келтіре келе, мусхафтан Құран оқу – ол қолда болсын не арнайы тақтайшаның үстінде болсын – намазды бұзады деп анық айтады. Оның дәлелдері ақылға қонымды әрі сенімді. Егер мусхафтан оқу рұқсат етілген болса, онда Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, намазда оқу керек болған Құраннан жеткілікті аяттарды жатқа білмейтіндерге: «Субханаллахи уәлхамдулилләхи уә лә иләхә илл аллаху уаллаху әкбар...» деп айту керек екендігін айтпас еді. 

Әбу Ханифаның көзқарасына қосылып оны айтқан имам Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Фадл былай деген: 

«Егер адам мусхафтан оқи алғанымен, оны жатқа айта алмайтын болса, онда оның намазда Құраннан болған аяттардың ешқайсысын айтпаса да намазы дұрыс дегенге барлығымыз келісеміз. Егер мусхафтан оқу рұқсат етілген болса, онда Құранды оқусыз (егер жатқа айту мүмкін болмаған жағдайда) намаз оқу рұқсат етілмеген болар еді». 

Имам Әбу Ханифаның дәлелдерін (һ.б. 150 ж./б.з. 767 ж.) әкеле отыра, имам Сарахси былай деп жазған: 

«Ең дұрыс болған ой-пікір – (мусхафты тіпті тіреуіштің үстінен оқу) ол таләккун (басқа біреуден үйреніп, сөздерін қабылдау). Сәйкесінше, бұл оның ұстаздан (намаздан тыс уақыттағы) үйренгенімен тең болады, ал бұл намазды бұзады». 

Имам Ибн Абидин (һ.б. 1252 ж./б.з. 1836 ж.) «Радд-уль-мухтар» кітабында имам Хасканидің (һ.б. 1088 ж./б.з. 1677 ж.) сөзінің астында былай деп жазған: 

«... және оның мусхафтан оқуы (намазды бұзады)». 

Яғни имам мысалды жалпы түрде қалдырды, себебі, бұған тіпті мешіт михрабындағы (намаз оқушылардың алдындағы) мәтін қосылатынын меңзеген, өйткені, егер ол михрабтың қабырғасындағы Құран аяттарын оқыса, оның намазы бұзылады. 

Имам Әбу Ханифаға сәйкес мусхафтан оқу намазды ешбір ескертпелерсіз бұзады, себебі бұл тааллум (үйрету, «Дурр-уль-мухтарды» қараңыз) болып табылады. Бұны намазда жасау – намазды бұзады. Имам Әбу Ханифаның дәлелі – мусхафты оқуда мына екі қасиеттің бар болуы: 

а) Мусхафты ұстайды немесе оны алып жүреді және (немесе) оған қарап, оның беттерін ауыстырады. Бұның барлығы амал кәсир (намаздағы көп қимыл), ал бұл намазды бұзады. 

б) Мусхафтан оқу таләккун болып есептеледі. Яғни, бұл мусхафтан бөлек болған нәрседен немесе адамнан болған таләккунге ұқсас. Әбу Ханифаның келтірген екінші дәлеліне сәйкес, рұқсат етілмеу туралы шешім еш өзгермейді, тіпті мусхафты ұстай ма (алып жүре ме), тіреуішке бекітілген бе және т.б. «әл-Кафиде» рұқсат етілмеу туралы екінші дәлел дұрысырақ болып табылады делінген. Имам Сарахси тура сол пікірді ұстанады. Имам Акмалюддин Бабарти (һ.б. 787 ж./б.з. 1385 ж.) «әл-Иная» кітабында басқалар сияқты осы дәлелдерді келтірген. 

Алайда имам Әбу Юсуф (һ.б. 182 ж./б.з. 798 ж.) және имам Мұхаммед ибн Хасан (һ.б. 189 ж./б.з. 805 ж.) мусхафты оқу намазды бұзбайды деген. Олар бұны, мусхафқа қарау – бұл өздігінен ғибадат болып табылады деген. Мусхафтан оқу барысында адам бір ғибадатты екінші ғибадатпен ұштастырады деген. Сәйкесінше, намазды бұзатын ешқандай зат жоқ деген. 

Имам Ибн Нуджайм (һ.б. 970 ж./б.з. 1563 ж) «Әл-бахр-ур-раик» атты кітабында бұны өте тереңінен қарастырады және екі көзқарасты келтіреді: рұқсат ету және рұқсат етпеуді. Ол «әл-Кафи» кітабының авторы және имам Сарахси бұның рұқсат етілмегендігі туралы айтқандарын келтірген. Имам Нуджайм жазған: 

«Шейх Халәби айтқандай, имам Әбу Ханифаның көзқарасын Ибн Әбу Дауд келтірген Ибн Аббастың, Алла оған разы болсын, сөзімен қорғауға болады: 

– Мүміндердің әміршісі бізге намазда мусхафтан оқуды тыйым салды. 

Тыйым салу әдетте үкімнің жойылғанын меңзейді (фасад). Ибн Аббас «мусхаф» деп Құран аяттары кездесетін барлық нәрсені айтқан, себебі михрабтың қабырғаларынан Құран аяттарын оқу намазды бұзады». 

Берілген хабардың жеткізушілер тізбегі жеткілікті дәрежеде дұрыс болмауын айта отыра, шейх Зафар Ахмад Усмани Тануи тізбекті таппаса да, мүміндердің әміршісінің тыйым салуы қияспен негізделгенің айтқан. 

Исламның барлық ғылым салаларында абыройға ие болған танымал ханафилік хадистанушы және фиқһ ғалымы Абдулхай Ләкнауи (һ.б. 1304 ж. / б.з. 1886 ж.) намазда мусхафтан оқуға болмайтындығы жайлы кітап жазған. Кітаптың ең басында «Әл-қаул әл-ашраф филь-фатх мин әл-мусхаф» атаумен аталған бөлімінде имам Абдулхай Ләкнауи бұл кітапты жазуының негізгі себебін айтады. Ол Хайдарабадқа келгенде ерекше көзге түскен амалдарды көргенін айтады: жамағат намазының үстінде имамның артында ашық мусхафпен тұрған намаз оқушыны көреді. Имам шатасқан кезінде әлгі адам мусхафқа қарап, дұрыс аяттарды дауыстап оқыған. Адамдар бұндай амалдың үкімі туралы сұрай бастайды, сол себепті имам Абдулхай Ләкнауи бұл кітабын жазады. 

Қорытындылай келе, имам Әбу Ханифаның логикалық салмақты дәлеліне және осы дәлелге негізделген кейінгі ханафи ғалымдарының пікіріне сәйкес намаз үстінде намаз оқушыға мусхафтан оқуға тыйым салынады. Бұл оның намазын бұзады. Алайда екі жақтан да (тыйым салу мен рұқсат ету) дәлелдер бар болғанымен, ақиқат ақиқат болып қала береді: имам Сарахси, имам Абдулхай Ләкнауи, имам Ануар Шах Кашмири, шейх Зафар Ахмад Усмани Тануи және хадистанушы Закария Кандахлауи сияқты ғалымдар рұқсат емес дегенге басымдылық берді және бұл намазда осы амалды жасауға болмайтындығына жеткілікті болып табылады. 

Әбу Асим Бадрульислам 

Дереккөз (ағылш.): askimam.ru
Мақала түпнұсқасы: ilmgate.org.ru2.gsr.awhoer.net 
Аударған: darulahnaf.com  


Пайдалынылған әдебиеттер 


1. Әбу Бакр Мұхаммад ибн Сахль Шамс-уль-аиммах Сарахси. Мабсут. – Ливан, Бейрут: Дар-уль-магрифа. 

2. Акмалюддин Мұхаммад ибн Мұхаммад Бабарти. Әл-иная: шарх «Әл-хидоя». – Ливан, Бейрут: Дар-уль-кутуб-уль-ильмия, 1995. 

3. Бадруддин Әбу Мұхаммад Махмуд ибн Ахмад Айни. Әл-биная: шарх «Әл-хидоя». – Ливан, Бейрут: Дар-уль-фикр, 2-ші басылым., 1990. 

4. Бадруддин Әбу Мұхаммад Махмуд ибн Ахмад Айни. Умдат-уль-кари: шарх «Сахих» Әл-Бұхари. – Ливан, Бейрут: Дар-уль-кутуб-уль-ильмия. 

5. Бурхануддин Әбу Маали Махмуд ибн Садрушариат ибн Мазах Бұхари. Әл-мухит-уль-бурхани. – Пәкістан, Карачи: Идарат-уль-Коран, 2004. – 2 том, 249 бет, п. 1676. 

6. Камалюддин Мұхаммад ибн Әбдулуахид ибн Хумам. Фатх-уль-Кадир. – Ливан, Бейрут: Дар-уль-кутуб-уль-ильмия, 1995. – 1 том, 412 бет. 

7. Мұхаммад Амин ибн Абидин. Радд-уль-мухтар алә «Ад-дурр-уль-мухтар»: шарх «Тануир-уль-абсар». – Ливан, Бейрут: Дар-уль-кутуб-уль-ильмия. – 2 том, 383 бет. 

8. Мұхаммад Закария ибн Мұхаммад Яхья Кандехлеви. Лами-уд-дарари алә «Сахих» Әл-Бұхари. – Пәкістан, Карачи: Х. М. Саид. – 1 том, 264 бет. 

9. Ануар Шах ибн Муаззам Шах Кашмири. Файд-уль-Бари алә «Сахих» Әл-Бұхари. – Ливан, Бейрут: Дар-уль-кутуб-уль-ильмия, 2005. – 2 том, 276 бет. 

10. Уалиуддин Надуи. Имам Әбдулхай Лакхнауи – алләмат-уль-Хинд уа имам-уль-мухаддисин уаль-фукаха. – Сирия, Дамаск: Дар-уль-калям, 1995. 

11. Зафар Ахмад Усмани Тануи. Игля-ус-сунан. – Ливан, Бейрут: Дар-уль-фикр, 2001. 

12. Зейнуддин ибн Ибрахим ибн Мұхаммад ибн Нуджайм. Бахр-ур-раик. – Ливан, Бейрут: Дар-уль-кутуб-уль-ильмия.