Пәтуәлар

Шаһаданың мағынасы




Қазіргі зайырлы әлемнің фундаменталды қалыптарының бірі ретінде Құдайға біздің неге сенетініміз және Оған қалай сенетініміз бәрібір, ең бастысы – жақсы адам болу деген түсінік белең алуда. Бұндай түсінікті жаппай таратудың басты мақсаты өте оңай – тауар айналымындағы экономикалық үрдістерге адамдар бөгет болмау үшін, олардың арасында діни айырмашылықтарды жою. 

Нәтижесінде, Құдайды бар деп әлі сенетін ортада «адам дініне байланысты емес, қандай сенімде болғанына қатыссыз, жасаған істері мен амалдарына сәйкес есепке тартылады» деген пікір етек жаюда. 

Бұл пікір біздің Пайғамбарымыз Мұхаммед, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, әкелген уаһиге сай келе ме? 

Алла Тағала айтады (мағынасы): «Егер кімде-кім Аллаға және оның Пайғамбарына иман келтірмесе, Біз иман келтірмегендерге Тозақты дайындадық» . 

Имам әл-Байдауи бұл аятты былай тәпсірлейді: «Кім өзінде Аллаға және оның Пайғамбарына деген иманды біріктірмесе, онда ол өзінің иман келтірмегені үшін тозақ отында мәңгі азапталуға лайықты». [әл-Фатх 48/13 аят]

Бұл аятта: «Кім игі амал жасамаса» деп айтылмаған! Егер адам Аллаға және оның Пайғамбарына, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, шынайы иман келтіріп, кейін ешқандай игі амал жасамаса: не парыз болған, не абзал болған – және тіпті тыйым салынғандардан да тыйылмаған болса, ол бәрібір де иман келтірген деген атқа лайық. 

Сөзсіз, Алла Тағала бұндай адамды күнәлары үшін жазалауы мүмкін, бірақ егер ол жүрегінде дұрыс сеніммен қайтыс болса, бұл жаза мәңгі болмайды. 

Сонымен, біз үшін мәңгі Жәннаттың кілті не? 

Бұл Исламның екі куәлігі! «Мен Алладан басқа құлышылыққа лайықты Құдай жоқ екендігіне куәлік етемін және Мұхаммед Оның Елшісі екендігіне куәлік етемін». 

«Лә иләһә илләллаһ» – құлшылық қылуға тек Алла ғана лайық екенін тілім арқылы айтамын (бекітемін), солай деп есептеймін (яғни, ол иманның бөлігі) және жүректе бұған сенімдімін деген мағынаны білдіреді. 

Ал «Мұхаммад расулюллаһ» – Мұхаммад Алланың құлы және елшісі екенін тілім арқылы айтамын (бекітемін), солай деп есептеймін, (яғни, ол иманның бөлігі) және жүректе бұған сенімдімін дегенді білдіреді. 

Куәлік бекіту мен сенімді болуды білдіреді, себебі тек қана білу немесе шаһаданың мағынасын мойындау жеткіліксіз болып табылады. Адам шаһаданың мағынасын өз сенімінің бөлігі ретінде қабылдап және оған разы болу керек. 

Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, кезіндегі кейбір Кітап иелері оның пайғамбарлығы жайында білген, бірақ оны пайғамбар ретінде қабылдағылары келмей, оның Алла Елшісі екеніне жүрегінде разы болмады және олар иман келтірген болып саналмайды. 

Сонымен қатар, біз Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, барлық нәрседе шыншыл екеніне, оның дін жайында жеткізетін әрбір сөзі және болашақта болатын жағдайлар жайлы айтқан сөздерінің бәрі бұлтартпас ақиқат екеніне сену керекпіз. 

Шаһаданың шарттары 

Шаһаданың нәтижесі – Аллаға деген махаббат пен Оны ұлықтау, сонымен қатар, бізді ілімсіздіктің қараңғылығынан таухидтің нұрына шығаруға жіберілген мырзамыз Мұхаммедке, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, құрмет пен оған деген адалдық. 

Сондықтан, Алла және оның Пайғамбарына, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, қатысты болған кез-келген кемсіту, әзілдеу, күмәндану және Алла мен Оның Елшісіне, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, деген махаббатынан бас тартудың басқа да түрлері Исламнан шығарады, себебі бұндай іс-әрекеттерімен адам шаһаданың шарттарының бірін бұзады. 

Кейбір мұсылмандар кәпірлердің жиіркенішті істеріне еліктеп, Аллаға қатысты, Адам пайғамбарға қатысты, оған Алланың сәлемі болсын, және басқа пайғамбарларға қатысты әзілдесіп жатады, Алла бізді ондайдан сақтасын. Бұл адамдар өздерінің күпірлік жасағанын білсін! 

Сондай-ақ, адам өзінің сенімін бір нәрсемен немесе біреумен байланыстырмау керек не оны шектемеуі керек. Мысалы, «Мен бір күн, жыл (және т.с.с.) мұсылман боламын» деп айтуға болмайды, – немесе «Егер мен жазылмасам, онда кәпір боламын», – немесе «Егер мынадай адам өлетін болса, онда мен Исламнан шығамын». Осылай деп есептеген адам бірден діннен шығып кетеді. 

Исламның шақыруы жеткен әрбір адам бұл екі куәліктен бас тартса, иман келтірмеген болып есептеледі және мәңгі азапқа лайықты деп есептеу – шаһаданың шарттарынан болып табылады. Осы ережеден мынадай тұжырымдама жасауға болады: Исламнан басқа барлық діндер, сенімдер, идеологиялар адасушылық болып табылады және оларды насихаттауға болмайды. 

Алла Тағала айтты (мағынасы): «Аллаға және Пайғамбарға бойұсыныңдар, кім бұдан бас тартса, онда Алла иман келтірмегендерді жақсы көрмейді». [Әли Имран3/32 аят

Имам әл-Байдауи осы аятты былай тәпсірлейді: «Алла Тағала «...оларға разы емес» деген жоқ, [«иман келтірмегендерді жақсы көрмейді» деп айтты], себебі, Аллаға және Оның Пайғамбарына бойұсынудан бас тарту – бұл күпірлік екенін білдіру үшін және бұл жерде Оның оларға (иман келтірмегендерге) деген махаббаты жоққа шығарылады, сондай-ақ, Оның махаббаты тек иман келтіргендерге ғана қатысты екені айтылған. 

Ибн Касир былай айтады: «Бұл аят Алланың махаббатына ие болғысы келген және Мұхаммедтің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, жолына ермейтін адам өтірікші екеніне қатысты ашық үкім шығарған». Сонымен қатар, Ибн Касир: «Бұл аят Мұхаммедтің, Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын, жолына ермеу – бұл күпірлік, және бұндай қасиеттермен сипатталатындарды Алла жақсы көрмейтіндігін білдірді» деген. 

Алланың бізге деген махаббаты мен сол махаббаттың белгісі – бұл біздегі Оған және Оның Пайғамбарына, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, қатысты иманның болуы екенін білуіміз керек. 

Не себепті тек Аллаға деген сенім жеткіліксіз? 

Себебі, әр адам Аллаға өзі қалай сенгісі келсе, солай сенетін болады және өзі ойлап тапқан затқа құлшылық жасайтын болады. Құдайға құлшылық жасаймын деп айту жеткіліксіз, кімге құлшылық жасасан, соны Жаратушы мен әр нәрсеге Құдыреті жететін Құдайға лайықты сипаттармен сипаттау қажет! Мысалы, егер біреу оның құдайы – бұл мәңгілік түнек десе, ал екіншісі оның құдайы – мәңгілік нұр деп айтатын болса, онда олардың әртүрлі, бірақ екеуі де бірдей жалған болған құдайларға табынатыны белгілі болады! 

Сондай-ақ, бір адам өзінің қалауы мен нәпсісіне сай, Құдайдың оған бір істі рұқсат еткендігін айтады, ал басқасы – өзінің түсінігіне сай – керісінше айтатын болады. 

Сондықтан, біз пайғамбарлар жеткізетін Құдайдың уаһиіне мұқтажбыз. Пайғамбарлар Жаратушының қандай сипаттарға лайық екенін және Оған қалай құлшылық жасау керек екенін түсіндіретін болған. 

Осылайша, Құдайға иман келтіріп, бірақ пайғамбарға сенбеу – «Мен Құдайым қалай талап ететініне қарамастан, өзіме қалай ыңғайлы болса, солай Құдайға сенетін боламын» деген сөзбен тең. 

Сол себепті, «Исламнан бөлек басқа дінді таңдаған адамдар – иман келтірмегендер» деген Исламның барлық фақиһтарының бірауызды пікірі бар. Сондай-ақ, бұл мәселеде күмәнданатын немесе мұндай пікірде болғысы келмеген адамға қатысты оның күпірлігі жайында бірауыздан шешім қабылданады. 

Маңызды ереже 

Кімнің күпірлігі жайлы Құранда, Сүннетте және мұсылмандардың иджмасы бойынша хабар келген болса, әрбір мұсылман оларды иман келтірмеген (кәпір) деп есептеуге міндетті. 

Егер адам сондай топтардағы адамдарды иман келтірмеген деп есептемесе, күмәнданса немесе бұл сұраққа қатысты анық бір көзқарастан бас тартса, ол да күпірлік жасаған болады. 

Ондай адамның күпірлікке түсу себебі – уаһидің бір бөлігін, яғни Исламнан басқа діннің барлығы күпірлік деген бөлігін қабылдаудан бас тартуы (сонымен қатар, бұған өздерін исламдық топ деп атайтын, бірақ шын мәнінде ондай болып табылмайтын түрлі ағымдар жатады, мысалы, аләуитттер, исмаилиттер). 

Уаһидің бір бөлігін қабылдаудан бас тартқан адам, уаһиді толығымен қабылдамаған адамға тең! 

Такфир және толеранттылық 

Исламды дін ретінде қабылдамаған адам тозақта болады деп айтылғаны үшін ғана, біздің уақытта кейбір шығыстанушылар және ашық исламофобтар Исламды «экстремистік» дін ретінде көрсетуге тырысуда. 

Сондай-ақ, «агрессивті» Исламға қарама-қайшы дін ретінде «бейбіт» христиан дінін ұсынуда. Алайда сол мамандар бізге христиандық немесе яһудилік қай діни мәтіндерде мұсылмандар Жаннатқа кіретіндігі туралы айтылғандығын көрсетсін! 

Керісінше, Кітап иелерінің кітаптары мұсылмандарға қатысты жек көрініш пен агрессияға толы – мұсылмандар пұтқа табынушылар деген ойға қонымсыз айыптаулардан бастап (мысалы, мұсылмандар «Бафомет» атты пұтқа табынады-мыс), «Мұхаммедтің құдайына лағнет» пен мырзамыз Мұхаммедке, Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын, қатысты тіл тигізулермен аяқталады! 

Мұсылмандардың қай кітаптарында Мұса немесе Исаға қатысты, не Мұсаның Құдайына қатысты, не Исаның Құдайына қатысты тіл тигізулер бар? Одан бетер, кімде-кім солай ойласа, бірден діннен шығады! 

Иа, біз Исаның, оған Алланың сәлемі болсын, құдайлық болмысын жоққа шығарамыз. Бірақ христиандардың бір бөлігі де солай есептеген. Тіпті Исада, оған Алланың сәлемі болсын, тек адамдық болмыс бар деп есептеген ариандардың кезінде бұл пікір христиандар арасында басты әрі негізгі болып саналған. 

Мұсылмандардан басқаның барлығының күпірлігін айтудан мұсылмандар қорықпаулары керек және мұнда ешқандай да экстремизм жоқ. Одан бетер, бұл Раббымыздың бұйрығы, ал қалғаны маңызды емес! 

Шаһаданы айту 

Адам Исламды қабылдағысы келген кезде, оны басқа мұсылмандар мұсылман деп танулары үшін ол шаһаданы айтуы қажет. 

Шаһаданы арабша айту – оның дұрыстығының шарттарынан болып табылмайды, сол себепті, адам өз тілінде шаһаданың мағынасына сай сөздерді айтуына болады. 

Егер адам мұсылмандардың отбасында дүниеге келсе, онда ол мұсылман есептелуі үшін шаһадатты айтуы шарт емес. Бірақ, егер ол өмірінде бірде-бір рет шаһаданы айтпаған болса, ол күнәһар болып есептеледі. Сондай-ақ, ол әрбір намазда ташаххудтағы шаһаданы айту керек. Мәлики мазхабына келетін болсақ, олардың пікірі бойынша, міндетті деген ниетпен адам өмірінде бір рет болсын шаһаданы айту керек, себебі, олардың пікірінше, намаздағы ташаххудты оқу абзал (сүннет) амалдардан. 


Автор: Әбу Әли әл-Әшғари
Дереккөз: darulfikr.ru
Аударған: darulahnaf.com