Пәтуәлар

Құран құндылығы жайлы 40 хадис. Жиырма бірінші хадис


Жиырма бірінші хадис 

Әбу Зарр, оған Алла разы болсын, былай деп жеткізеді: 
«Мен: «Уа, Алла Елшісі, маған кеңес айт», - дедім. Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай жауап берді: «Алладан қорық, себебі, бұл – барлық жақсы істің бастауы». «Тағы арттыр, о, Алланың Елшісі!», – дедім. Ол: «Әрдайым Құран оқы, себебі ол саған жердегі нұр және аспандағы қорың болады», – деп жауап берді. 

Тақуалық – шынымен де, барлық игі істердің бастауы. Кімнің жүрегінде тақуалық болса, яғни кім Алладан қорықса, ол ешқандай күнә жасамайды және ешқандай жамандыққа тап болмайды.

«Кім Алладан қорықса, Алла оған кез-келген тығырықтан шығар жолды көрсетеді және оны күтпеген жерден ризықтандырады» [Талақ 65/2-3 аяттар]

Құран оқу нұр екендігін біз алдыңғы хадистерден білген едік. «Шархул-Иһия» кітабында Әбу Н`аимның «Мағрифатынан» хазреті Басит, Алла оны рақым етсін, Алла Елшісінен, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, мынадай хадис жеткізгені келеді: жер бетіндегілер үшін жұлдыздар қалай жарқырайтын болса, аспан тұрғындары үшін де Құран оқылатын үйлер дәл солай жарқырайды.

Бұл хадис «Тарғибте» де осы күйде келтіріледі. Бұл ықшамдалған хадис. Мулла `Әли әл-Қари, Ибн Хиббаннан толық келтірген нағыз риуаяты өте ұзақ, ал имам Суюти қысқаша келтіреді. Біздің кітапқа жоғарыда айтылған мөлшері де жеткілікті болғанымен, толық хадисте көптеген пайдалар болғандықтан, ары қарай толық хадистің мағынасын ұсынамыз.

Әбу Зарр Ғифари, Алла оған разы болсын, Алла Тағала барлығы қанша кітап жіберілгені жайлы Алла Елшісінен, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, сұрағанын жеткізеді. Ол былай жауап берді:

 «100 сахифа/парақша және 4 кітап.
 50 сахифа хазреті Шиске, оған Алланың сәлемі болсын.
 30 сахифа хазреті Идриске, оған Алланың сәлемі болсын.
 10 сахифа хазреті Ибрахимге, оған Алланың сәлемі болсын.
 10 сахифа Мұсаға, оған Алланың сәлемі болсын, Таурат жіберілмес бұрын.
 Бұлардан бөлек 4 кітап жіберілді: Таурат, Інжіл, Забур, Кұран».

 Әбу Зарр Ибрахимнің, оған Алланың сәлемі болсын, парақшаларында не баяндалғаны жайлы сұрады. Ол мақалдарға толы болғанын айтты, мысалы, мыналар сияқты: «Уа, мықты әрі тәкәппар патша! Мен сені байлық жинауға жібермедім. Жәбірсінген шағымын маған жеткізбеуің үшін жібердім. Оның қамын өзің ертерек шеш, себебі, Маған жеткен жәбір көргеннің шағымын қайтармаймын, тіпті ол кәпір болса да».

Жеткізуші Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, өз сахабаларының біреуін әмір немесе басшы етіп жібергенде, басқа айтқан кеңестерімен қоса мынаған аса көңіл бөлетін:
«Жәбірленушінің дұғасынан сақ болыңдар, себебі, Алла мен оның арасында кедергі де, бөгет те болмайды».

 Бір жырда былай айтылады: «Абай бол, жәбірленушінің жалбарынғандағы дұғасынан, себебі, Хақтың оны қабыл етуі едәуір шамасынан».

Тағы ол парақшаларда ақылы бар адамға есінен айырылмас үшін барлық уақытын үшке бөлу керектігі айтылған. Бір бөлігін Құдайға құлшылық етуі үшін, бір бөлігін өзін есепке алу үшін, ал тағы бір бөлігін адал ризық табу үшін жұмсау қажет. Ақылы бар адамға өз уақытын қадағалау керек, жағдайын жақсартуы туралы ойлап, тілін бос сөздер мен пайдасыз әңгімелерден сақтауы қажет. Кім өз сөздерін қадағалайтын болса, оның тілі пайдасыз әңгімелермен азырақ шұғылданады.

Ақылы бар адамға тек үш жағдайда ғана сапарға шығу керек: не ақырет қоры үшін, не ризық табу үшін, не адамға мүмкін болған ғанибет үшін.

Әбу Зарр, оған Алла разы болсын, тағы былай сұрады: «Уа, Алла Елшісі, Мұсаның, оған Алланың сәлемі болсын, парақшаларында не болды?». Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, олардың бәрінде мына тәріздес нақыл сөздер болғандығын айтты: «Өлімге иман келтіре тұра, оны әлдебір нәрсе қуанта алатын адамға таң қаламын. (Мысалы, бір адам өзіне өлім жазасы кесілгенін білсе, онда ол ешнәрсеге қуана алмайды). Өлімді хақ екенін біле тұра, күлетін адамға таң қаламын. Әркез апаттар, құбылыстар мен төңкерістерді көре тұра, бұл дүниеде тыныштық тапқан адамға таң қаламын. Тағдырға иман келтіре тұра, қайғы мен уайымға салынған адамға таң қаламын. Қияметтегі есепке иман келтіре тұра, игі амалдар жасамайтын адамға таң қаламын».

Әбу Зарр, оған Алла разы болсын, Алла Елшісінен, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, қандай да бір кеңес беруін сұрады. Алла Елшісі оған тақуалы болуға кеңес берді, себебі, ол – барлық жақсы істің бастауы. Әбу Зарр, оған Алла разы болсын, тағы кеңес беруін сұрады. Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, әрдайым Құран оқы деді, өйткені, ол – жердегі нұр және аспандағы қоры. Әбу Зарр, оған Алла разы болсын, тағы артығын сұрады. Сонда оған көп күлуден аулақ болу керектігі айтылды, себебі, одан жүрек өледі және беттің ажары кетеді (яғни сыртқы және ішкі жағдайға да зиян келеді). Әбу Зарр, оған Алла разы болсын, тағы сұрады. Оған джихадты ұстану керектігі айтылды, себебі, ол – Алла елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, үмметінің рахбанияты/монахтық өмірі (яғни, Аллаға жақындау жолы. Ертедегі үмметтерде бұл дүниені тәрк етіп, Аллаға жақын болғандарды «монахтар» деп атаған). Әбу Зарр, оған Алла разы болсын, тағы арттыруын қалады. Сонда оған кедейлермен бірге болу, достасу және олармен бірге отыру керектігі айтылды. Ол тағы сұрағанда, (шүкір ету үшін) дәрежесі өзінен төменге қарау және, Алла сақтасын, өзіне берілген нығметтерді жеткіліксіз деп есептемес үшін, дәрежесі өзінен жоғарыға қарамау керектігі айтылды. Ол тағы да арттыруын қалағанда, өзіңнің қателіктерін өзгеден кінәрат табудан тоқтатсын делінді және өзгелерден мін іздемеу керектігі айтылды, себебі, ол өзінде де жетерлік. Өзіңде бар кемшіліктерді жұрттан табуың, сені айыптау үшін жеткілікті. Ал сен олардан бейхабарсың және адамдардан өзін айналысатын істерді көресің. Содан соң Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, Әбу Заррды жақсы көре кеудесінен қағып, былай деді: «Уа, Әбу Зарр! Мұқияттылықтан артық даналық жоқ, тыйым етілгеннен аулақ болудан артық тақуалық жоқ, жақсы мінезден артық мінез-құлық жоқ».

ин ша Алла жалғасы бар

Дереккөз: askimam.ru
Аударған: darulahnaf.com

Комментариев нет