Пәтуәлар

Құран құндылығы жайлы 40 хадис. Жиырма екінші хадис.


Жиырма екінші хадис

Әбу Хурайра, оған Алла разы болсын, Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жекізеді: «Адамдар Алланың үйлерінің бірінде (мешітте) жиналып Құран оқыса және оны бір-біріне оқитын болса, оларға сакина түседі, Алланың рахымына бөленіп, оларды періштелер қоршайды. Және Алла Тағала періштелер жиынында олар жайлы еске алады».

Бұл хадис діни мектептер мен медреселердің ерекше құндылығын сипаттайды. Соның құндылықтардың ішіндегі түрлі сыйлардың кез-келгені үшін тіпті күллі өміріңді арнасаң да көптік етпейтіндері бар. Әсіресе соңғысы – Раббымыздың жиынында атымыздың аталуы. Бұл бір сыйдың өзі сондай, басқа еш нәрсе онымен теңесе алмайды.

Сакинаның түсуі көптеген хадистерде кездеседі. Оның нақты мағынасын түсіндіруде хадис ілімінің ғалымдары бірнеше пікір айтқан. Олардың мағыналары бір-біріне қарама-қайшы келетіндей әртүрлі емес. Сондықтан бірге қарастыруға да болады.

Хазіреті Али, оған Алла разы болсын, сакинаны түсіндіру барысында, оның адам жүзіне ұқсас кейпі бар ерекше бір жел екенін айтқан. Ал Алляма Судди, оны Алла рахым етсін, бұл Жәннатағы алтыннан жасалған бір ыдыстың аты және ол ыдыста пайғамбарлардың, оларға Алланың сәлемі болсын, жүректері жуылады деп түсіндірген дейді. Кейбіреулер бұл ерекше рахымның бір түрі дейді. Табари, оны Алла рахым етсін, бұл жүректегі тыныштық сезімі деген пікірді таңдаған. Ал басқалар болса, тынышталу деген мағынада дейді. «Фатхуль Бари» кітабында келтірілген Хафиздің, оны Алла рахым етсін, пікірі бойынша, аталғандардың бәрі сакинаға кіреді. Науауидің, оны Алла рахым етсін, пікірінше бұл тыныштық, рахым және басқа келтірілгендердің жиынтығы және ол періштелермен бірге түседі.
Құранда былай деп айтылған:

«оның үстінен Алла сакинасын түсірді...» («Тауба» сүресі, 40-аят)

 «Ол сондай – мүминдердің жүректеріне сакина түсірді» («Фатх» сүресі, 4-аят)

 «... онда Раббыларыңнан сакина...» («Бақара» сүресі, 248-аят)

 Қысқаша айтқанда, ол жайлы көптеген аяттар мен хадистерде айтылған, көптеген риуаяттар сүйінші хабар ретінде келеді.

«Ихья» кітабында мынадай оқиға келтірілген: бірде Ибн Саубан, оған Алла разы болсын, туыстарының біреуіне онымен бірге ифтар жасауға уәде етеді. Алайда келесі күні таңертең келеді. Туысының шағымына Ибн Саубан, оған Алла разы болсын, былай деп жауап береді: «Егер мен саған уәде бермегенімде,не үшін кешіккенімді ешқашан айтпас едім. Кездейсоқ кешігіп қалғаным сол еді, қарасам Құптан намазының уақыты кіріпті. Содан, маған Үтір намазын да бірге оқып алайын деген ой келді. Себебі, ешкімде өлімнен кепіл жоқ, түнде қайтыс болып кетсем, Үтір намазы мойнымда қаза боп қалар деп ойладым. «Құныт» дұғасын оқып жатқанымда, мен гүлдің барлық түрі бар Жәннаттың жасыл бақтарының бірін көрдім. Сол көрініске тамсана қарағаным соншалықты, таң атып қалғанын байқамадым».

Алдыңғылардың өмірінен осыған ұқсас жүздеген оқиғалар жазылған. Бұндай тек Алладан басқасының бәрімен үзіп, ықыласын тек Оған ғана арнағанда пайда болады.

Сондай-ақ, періштелердің қоршауы да көптеген хадистерде кездеседі. Хадис кітаптарында Усайд ибн Хузайр жайлы , оған Алла разы болсын, толық оқиға келтірілерді. Ол Құран оқып отырып,төбесінде бір бұлттың тұрғанын сезеді. Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, бұл Құран тыңдауға келген періштелер болғанын айтты. Періштелердің көптігінен олар бұлт сияқты көрінген.

Бірде сахабалардың бірі төбесінен бұлтты сезінеді. Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, ол Құран оқығаны себепті болған сакина, яғни рахым екенін айтқан.

Муслим Шарифте бұл хадис толығырақ келтірілерді. Ол жерде басқа да тақырыптар бар. Соңында мынадай сөйлем бар: «Кімді оның жаман амалдары Алланың рахымынан алыстатқан болса, оның тегі Оған жақындата алмайды». Бекзат ата-тегі бар, алайда күнә мен бетпақтықпен айналысушы адам Алланың алдында тақуа әрі мойынсұнушы болған кедей әрі тексіз мұсылманмен теңесуге де келмейді. «Алланың алдында сендердің ең құрметтілерің – тақуаларың» («Худжурат» сүресі, 13-аят)

Дереккөз: askimam.ru
Аударған: darulahnaf.com

Комментариев нет