Пәтуәлар

Құран құндылығы жайлы 40 хадис. Жиырма алтыншы хадис


Жиырма алтыншы хадис

Фудала ибн Убайд, оған Алла разы болсын, Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізеді: «Алла Құран оқушының дауысын, қожайын өзінің күңі айтып жатқан әнді тыңдағаннан артық зейінді түрде тыңдайды».
Ән өздігінен табиғи түрде өзіне назар аудартады. Алайда Шариғаттағы тыйымның себебінен діндар адамдар оған көңіл бөлмейді. Дегенмен, егер әнші оның иелігінде болса, бұл Шариғатқа қайшы келмейді. Сондықтан, оған деген көңіл бөлу толық болады.

Әрине, Құранды ән секілді оқымау керек. Оған хадистерде тыйым бар.

Бір хадисте былай айтылған: «Құранды ғашықтар өздерінің махаббат өлеңдерін әуендетіп оқыған секілді оқудан сақ болыңдар!».

Шейхтер бұлай оқыған адам – фасиқ (яғни, ашық түрде күнә жасаушы), ал оны тыңдаушы – күнәһар деген.

Дегенмен, Құранды әуенге ұқсаған мақаммен оқудан аулақ бола отыра, әдемі, сазды үнмен оқу керек. Көптеген хадистерде осыған ынталандыру кездеседі. Бірінде: «Құранды жақсы дауыспен әрлендіріңдер» деп айтылса, басқасында жақсы дауыстан Құранның әдемілігі еселене түседі делінген.

Хәзіреті шейх Абдул Қадир Жилани, оған Алланың рахымы болсын, өзінің «Гунья» атты кітабында мынадай оқиғаны келтіреді. Бірде Абдулла ибн Мас`уд, оған Алла разы болсын, бір үйде болған күнәһарлардың жиынының жанынан өтіп бара жатады. Зазан атты әнші өлең айтып, аспапта ойнап жатты. Оның даусын естіген Ибн Мас`уд, оған Алла разы болсын: «Қандай әдемі дауыс, егер де ол Құран оқығанда», - деп ескерту айтып, басын сәлдемен жауып, кетіп қалды. Зазан оның бірдеме айтқанын көріп қалады. Адамдардан сұрастырып, ол адам Абдулла ибн Мас`уд болғанын және ол осындай сөздер айтқанын біледі. Оның бұл ескертпе сөздерінен Зазанды қатты уайымға салады. Қысқаша қайырғанда, ол өзінің барлық аспаптарын сындырып, Абдулла ибн Мас`удтың соңынан ереді. Кейін ол өз заманының көрнекті ғалымы болады.

Түрлі хадистерде Құранды әдемі дауыспен оқу құпталады және сонымен қатар оны өлең секілді әуендетуге тыйым салынады.

Хузайфа, оған Алла разы болсын, жеткізгендей, Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқан: «Құранды арабша мақамға сай оқыңдар. Және ғашықтар немесе яһудилер мен христиандардың мәнеріне сәйкес оқымаңдар. Жақында Құранды әншілер мен жоқтаушы әйелдер сияқты оқитын бір қауым келеді. Ондау оқу оларға түйірдей де пайда әкелмейді. Олар өздері бүлікке араласады және олардың оқығанын жақсы деп есептегендерді де сол орға түсіреді.

Таус, оны Алла рахым етсін, бір адамның Алла Елшісінен, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп сұрағанын жеткізеді: «Кім Құранды ең жақсы дауыспен оқиды?». Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Ол оқып жатқанда оның түрінен Алладан қорқатынын сезінесін. Яғни, оның қорқып тұрғаны оның дауысынан білінеді». Сонымен қатар, адамға оның шамасы жететіннен артық жүктелмейтіні – үлкен нығмет. Бір хадисте Алла Тағала ерекше бір періштені тағайындайтыны жайлы айтылған. Егер адам Құран оқыса, және оны лайықты түрде, дұрыс оқуға мүмкіндігі болмай жатса, онда әлгі періште оның оқығанын түзеткеннен кейін ғана жоғары көтереді екен.

Дереккөз: askimam.ru
Аударған: darulahnaf.com

Комментариев нет